|
|

|
| ҚР ОСК мен РФ ОСК арасындағы ынтымақтастық және құқықтық ақпарат алмасу туралы хаттама |
 |
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен
Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының арасындағы ынтымақтастық және құқықтық ақпарат алмасу туралы
ХАТТАМА
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі - Тараптар):
билікке өкілеттіктер түбегейлі және мерзімді сайлауда көрініс табатын халықтың ерік білдіруіне негізделуге тиіс екенін белгілеген 1948 жылғы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясы мен 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің қағидаларын басшылыққа ала отырып,
адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде сайлауға және сайлануға құқығын мойындау, сақтау және қорғау - мемлекеттер мен халықаралық қоғамдастықтың биік мақсаттарының бірі, мемлекеттер мен халықтардың ортақ демократиялық игілігі болып табылатын мұраттары мен қағидаттарын жүзеге асыру және қорғау жолында олардың арасындағы ынтымақтасты одан әрі нығайтудың ажырамас шарты болып табылатынына сенімді бола отырып,
нақты саяси әралуандық пен көппартиялылықтың негізінде, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танымал нормаларына және қағидаттарына сүйенетін Конституция мен ұлттық заңдардың үстемдігі жағдайларында халықтың ерік білдіруінің демократиялық үрдістерін дамытуға ықпал етуге талпына отырып,
демократиялық сайлау азаматтық қоғамның тұрақтылығы мен құқықтық мемлекеттің тұрлаулы дамуының саяси және құқықтық құралдарының бірі болып табылатынына сенімді бола отырып,
сайлау мен референдумдарды құқықтық реттеудің Тараптар жинақтаған ұлттық тәжірибесінің құндылығын мойындай отырып,
жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге талпына отырып,
төмендегілер туралы осы Хаттаманы жасасты:
1-бап
Осы Хаттаманың мақсаты:
сайлау комиссияларын құру және олардың қызметін ұйымдастыру тәртібі;
сайлау мен референдумды әзірлеу және өткізу;
сайлау комиссияларының қызметінде автоматтандырылған жүйелерді қолдану;
сайлаушыларды тіркеуді (есепке алуды), оның ішінде автоматтандырылған жүйелерді пайдалана отырып, жүргізу;
сайлаушыларға (таңдаушыларға), сайлау мен референдумды ұйымдастырушыларға, сайлау және референдум процестеріне басқа да қатысушыларға сайлау технологияларын үйрету;
саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау процесіне қатысуы;
сайлау процесіне қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауы мәселелері бойынша Тараптардың тәжірибе алмасуы болып табылады.
Тараптар мемлекеттердің сайлау және референдум туралы ұлттық заңнамаларын жетілдіру мақсатында басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытады.
2-бап
Тараптар сайлау заңнамасы мен референдум туралы заңнаманың өзекті бағыттары бойынша жұмыс тәжірибесін, заңнаманы қолдану және Тараптар мемлекеттерінің сайлау заңнамасын жақындастыру мен үйлестіру туралы мәселеге ортақ көзқарастарды қалыптастыру тәжірибесін өзара зерделеу мақсатында жоғарыда аталған бағыттар бойынша мамандар делегацияларымен алмасуға жәрдемдеседі, консультациялар, кездесулер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, «дөңгелек үстелдер», өзге де бірлескен іс-шаралар өткізеді.
3-бап
Тараптар сайлау науқандарының, референдумдардың әр түрлі қырларын жария ететін дыбысбейне өнімдерін (оқу, жарнама, ғылыми-танымал дыбысбейне материалдары, теле- және радиохабарлар) жасау жөніндегі тәжірибені зерделейді.
4-бап
Тараптар сайлау заңнамасы мен референдум туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы бірін-бірі ақпараттандырады, сайлау мен референдумдарға қатысушылардың құқықтық қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерімен, өзекті мәселелер жөніндегі түсіндірмелермен алмасады.
5-бап
Тараптар бір-біріне өздерінің ресми баспа басылымдарын жібереді.
Өз қалаулары бойынша Тараптар сондай-ақ басқа да әдістемелік және ақпараттық-талдау сипатындағы баспа басылымдарымен алмасуы мүмкін.
6-бап
Құқықтық ақпарат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалану арқылы орыс тілінде тегін берілетін болады.
7-бап
Осы Хаттаманы іске асыру мақсатында Тараптар бір-біріне қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік, техникалық және өзгедей де жәрдем көрсетеді.
8-бап
Осы Хаттаманы іске асыру шеңберіндегі іс-шараларды өткізумен, оның ішінде шақырылған Тарап тұлғаларының елде болу бағдарламасын орындаумен байланысты шығыстарды қабылдаушы Тарап өз мойнына алады. Шақырылған Тарап қабылдаушы Тараптың еліне жол жүрумен байланысты көлік шығыстарын төлейді.
Осы Хаттаманы іске асыру шеңберіндегі іс-шаралардың бағдарламасы мен олар өткізілетін елдерді Тараптар олардың қызметін қамтамасыз етуге арналған бюджеттің осы іс-шаралар өткізілетін жылға бекітілгеніне дейін келіседі.
9-бап
Осы Хаттама халықаралық шарт болып табылмайды. Осы Хаттаманың қағидаларын қолдануға немесе түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер арқылы шешеді.
10-бап
Осы Хаттама оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және бір жыл бойы қолданылады.
Осы Хаттаманың қолданыс мерзімі, егер Тараптардың ешқайсысы осы Хаттаманың қолданысын тоқтатуға ниет білдірмесе, келесі жылдық мерзімдерге автоматты түрде ұзартылады.
11-бап
Тараптардың кез келгені басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың қолданысын тоқтата алады.
Хаттама басқа Тарап хабарламаны алған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап өз қолданысын тоқтатқан болып есептеледі.
Санкт-Петербург қаласында 2009 жылғы «18» маусымда екі данада, заң күші бірдей қазақ және орыс тілдерінде жасалды.
Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы
Орталық сайлау комиссиясы үшін Орталық сайлау комиссиясы үшін
_______________ Қ.Т. Тұрғанқұлов ________________ В.Е. Чуров
|
| |
|
|
|
|
|
|
|