|
|
| 3 тарау :: Сайлау oкругтeрі мeн учаскелерi |
 |
21-бап. Сайлау округтерi мен олардың жүйесi
1. Қазақстан Республикасында мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде аумақтық сайлау округтерiнiң жүйесi құрылып, пайдаланылады.
2. Сайлау округтерi Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi және сайлаушылардың мөлшермен бiрдей саны болуы ескерiлiп құрылады. Бұл ретте облыс шегiндегi, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасындағы, аудандық, қалалық сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмасы осы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегі әрбiр депутаттық мандатқа сайлаушылардың орташа санының он бес процентінен аспауға тиiс.
3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады.
4. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар сақталып, бiр мандаттық аумақтық сайлау округтерi құрылады.
5. Өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.
21-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; 2004.04.14. № 545-II; 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңдарымен.
22-бап. Сайлау округтерiн құру және олардың шекараларын қайта қарау
1. Сайлау округтерiн аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
2. Сайлау округтерiнiң тiзiмiн, олардың шекараларын және округтiк сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн көрсетiп, сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн он күннен кешiктiрмейтиiстi сайлау комиссиялары тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3. Сайлау округтерiнiң тiзiмiне өзгерiстер енгiзудi, олардың шекаралары мен сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн анықтауды тиiстi сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңымен.
23-бап. Сайлау учаскелерiн құру
1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткiзу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң сайлау комиссияларымен келiсiлген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.
2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:
1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;
2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.
3) (алып тасталды)
3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасуы қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады. Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.
4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдері мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Тиiстi әкiмдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін жетi күн мерзiм iшiнде, ал өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде үш күн мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларды әрбiр сайлау учаскесiнiң шекарасы жөнiнде хабардар етедi.
23-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; 2004.04.14. № 545-II; 2005.04.15. № 44-III; 2007.06.19. № 268-III; 2009.02.09. № 124-IV Конститу циялық заңдарымен.
|

|
|
|
|
|