|
|
| 8 тарау :: Дауыс беру қорытындыларын анықтау |
 |
43-бап. Cайлау учаскесiндегi (дауыс беру пунктiндегi)
дауыстарды санау
1. Президенттi, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжiлiсiнің депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.
Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс.
Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.
Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.
Бұл ретте бюллетеньдер әрбiр кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.
2. Парламент Сенаты депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.
3. Дауыстарды санау әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.
3-1. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер салынған жәшіктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша бюллетеньдер алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi және олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы не оның орнындағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария етедi және оларды дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаға енгiзедi.
Бiрiншi болып тасымалданатын сайлау жәшiктерi кезегiмен ашылады. Тасымалданатын сайлау жәшiгіндегі бюллетеньдердің саны дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн жасау туралы жазбаша өтiніштердiң санына сәйкес келуге тиіс. Егер тасымалданатын сайлау жәшiгiнде белгiленген үлгідегі сайлау бюллетеньдерiнің саны жазбаша өтініштердің тиісті санынан артық болып шықса, онда бүл жәшіктегі барлық сайлау бюллетеньдерi жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда тасымалданатын сайлау жәшігінен алынған барлық сайлау бюллетеньдерiнiң жарамсыз деп танылғаны туралы акт жасалады, онда сонымен бiрге осы тасымалданатын жәшiктiң көмегiмен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi өткiзген комиссия мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшiктер ашылғаннан кейiн тұрақты жәшiктер ашылады.
4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық
бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды. Сайлау
комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша:
1) учаскедегi (дауыс беру пунктiндегi) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;
3) комиссияның әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер санын анықтайды.
4-1. Жәшiктердi ашқаннан кейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдердiң
саны бойынша:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берілген дауыстар санын;
3) жарамсыз ден танылған бюллетеньдер санын;
4) учаскелiк сайлау комиссиясы алған бюллетеньдер санын;
5) жойылған бюллетеньдер санын анықтайды.
Дауыс беруге арналған жәшiктерден алынған бюллетеньдердiң саны сайлаушылар тiзiмдерiнің және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштердiң негiзiнде берiлген бюллетеньдер санынан асып кеткен жағдайда, сайлау комиссиясының әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер саны анықталады.
5. Мынадай бюллетеньдер:
1) белгiленбеген үлгiдегi;
2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;
4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Дауыстарды тiкелей санау кезiнде жарамсыз сайлау бюллетеньдерi дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады.
6. (алып тасталды)
7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы даусымен қабылданады.
7-1. Учаскелiк сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы кезiнде аймақтық сайлау комиссиясы) сенiм бiлдiрілген адамның талабы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген мерзiмде бiр рет қана жүргiзедi.
8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап,
хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi
қо л қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына
хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе
хатшысы қол қояды.
Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бiр түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.
Хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi.
8-1. Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады, ол отырыс орны мен уақыты туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана отырып, округтік сайлау комиссиясы дауыс берiлетiн күннен кемiнде он күн бұрын айқындаған сайлау учаскелерiнiң бiрiнде өткiзiледi. Нәтижелер осы учаскеге жеткiзiлетiн учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады.
Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнің үй-жайында ілінедi және үй-жайда үш күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі.
8-2. Округтік сайлау комиссиясы дауыс беру күнінен бастап бес күннен кешіктірмей сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санаудың нәтижелері туралы алдын ала жиынтық тiзiмдеме жасайды және оны жалпыжұрттың танысуы үшiн өз отырысы өткен сайлау учаскесiнiң үй-жайында iледi.
Ресми жиынтық тiзiмдеме учаскелiк сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алынған хаттамаларының негiзiнде жасалады, оған округтiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол жалпы жұрттың танысуы үшiн iлiнедi.
9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы. Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң және дауыстардың дұрыс саналмағандығы фактілерiн табыс еткен өтiнiш берушілердің қатысуымен жүргiзiледi.
Сайлау комиссиясы шешімінің негiзiнде жүзеге асырылатын дауыстарды қайта санау сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейiн жүргізілуге тиiс.
43-бапқа өзгеріс енгізілді- Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; 2004.04.14. № 545-II; 2005.04.15. № 44-III; 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңдарымен.
44-бап. Сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
2. Мәслихат депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.
3. Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
4. Сайлау қорытындылары туралы хабарды:
1) Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытынды -лары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап он күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралда рында жариялайды;
2) мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Орталық (аумақтық) сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлау
датасы, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне енгiзілген және дауыс
беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; сайлау округтерiнiң жалпы саны;
дауысқа түскен кандидаттардың жалпы саны; дауыс беруге арналған үй-
жайдан тыс жерде дауыс берген сайлаушылардың саны; сайлауға қатысқан
саяси партиялардың саны; қайта дауыс беру өткізілетін әкімшілік-аумақтық
бірліктер саны; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша Президенттiкке,
Парламент Сенаты депутаттығына әрбiр кандидат үшiн, Қазақстан халқы
Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар
үшін берілген дауыстар саны; сайланған Президент, Парламент Сенатының,
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің
депутаттары, мәслихаттардың депутаттары, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi
басқару органдарының мүшелерi, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған
жылы, атқаратын лауазымы (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ
кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа
жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Тиiстi округтiк сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзiлген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; әрбiр кандидат үшiн берiлген дауыс саны; сайлау учаскелерi бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң саны; Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығына, мәслихаттар депутаттығына сайланған адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарламаларын -дағы деректер - сайлау округтерi бойынша, ал округтiк сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелерi бойынша ұсынылады. Тиiстi сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы тiзiмдеме нысанындағы хабарламаны дауыстарды санау аяқталғаннан және тиiстi хаттама жасалғаннан кейiн қырық сегiз сағаттан кешiктiрмей жариялайды.
6. (алып тасталды)
44-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; 2004.04.14. № 545-II; 2005.04.15. № 44-III; 2006.12.22. № 208; 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңдарымен.
45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын
және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн тiркейдi.
45-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңдарымен.
46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутатының және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi
1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;
2) өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне - олардың әрқайсысына өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшесiнiң Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
46-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңымен.
|

|
|
|
|
|