|
|
| 9 тарау :: Сайлау бостандығының кепiлдiктерi |
 |
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны барысындағы кепiлдiктерi
1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттардың сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.
2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелiгiне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лау азымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.
3. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ оларды Президент, Парламент депутаты ретiнде тiркегенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келiсiмiнсiз тұтқынға алуға, ерiксiз әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сондай-ақ тiкелей қылмыс үстiнде ұсталғаннан және ауыр қылмыс жасағаннан басқа реттерде ұстауға болмайды.
47-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; өзгеріс енгізілді - 2004.04.14. № 545-II; 2007.06.19. № 268-III Конституциялық заңдарымен.
48-бап. Мемлекеттiк органдардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi
1. Соттар, прокуратура мен iшкi iстер органдары үшiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар үшiн дауыс беру күнi мен соның қарсаңындағы күн жұмыс күнi болып табылады.
2. Iшкi iстер органдары мен тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар сайлау комиссиялары қажет ететiн, тиiсiнше, мынадай:
1) дауыс берудi өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету;
2) сайлаушылар тiзiмдерiн нақтылау;
3) сайлау комиссияларының қызметiнде туындаған басқа да мәселелер жөнiнде көмек көрсетуге мiндеттi.
3. Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде
өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi
қажет деп тапса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi
бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап - үш
күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге
жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу
өтiнiш бойынша шешiм шығарады.
48-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. № 545-II; 2009.02.09. № 124-IV Конституциялық заңдарымен.
49-бап. Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге шағым беру және олардың күшiн жою
Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткiзуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады.
Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды осы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады. Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң ішінде қарайды.
Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымды, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды.
49-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; 2004.04.14. № 545-II; 2005.04.15. № 44-III Конституциялық заңымен.
50-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Тұлға:
1) сайлау комиссиясының жұмысына араласқан;
2) дауыс беруге кедергi келтiрген;
3) кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
4) дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
5) кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;
6) сайлау құжаттарын қолдан жасаған;
7) дауыстарды көрiнеу қате санаған;
8) сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған;
9) дауыс беру құпиясын бұзған;
10) Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына
зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi
келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Тұлға:
1) осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған;
2) сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған;
3) сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;
4) сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;
5) кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;
6) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған;
7) азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған;
8) сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген;
9) басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген;
10) сайлауға қатысу үшін демалыс бермеген;
11) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзу талаптарын бұзған;
12) анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;
13) үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдаған;
14) кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен;
15) кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдық алған;
16) сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған;
17) сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.
3. Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.
4. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған кезде, кандидатты тiркеуден бас тарту немесе тiркеудiң күшiн жою үшiн негiз болып табылатын талаптарды қоспағанда, оларға ескертiледi, ал қайта бұзған кезде тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
50-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 375-I; бап жаңа редакцияда - 2004.04.14. № 545-II Конституциялық заңымен.
|

|
|
|
|
|