|
Орталық сайлау комиссиясында ДИАҚБ/ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесу болып өтті
2008 жылғы 27 наурыз күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары В. Фоос ҚР ОСК-сы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-мен бірлесіп ұйымдастырып, 28 наурызға жоспарланып отырған «Сайлау процесіне қатысушылар: олардың проблемалары мен мүмкіндіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысу мақсатымен келген ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығы Басшысының орынбасары Жаннет Клетцермен, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сыртқы сарапшысы Джесси Пилигриммен және Сайлау секциясының кеңесшісі Джонатан Стоунстритпен кездесті.
Кездесу барысында В. Фоос дөңгелек үстелдің тақырыбы оған қатысушылардың сайлау процесінің барлық субъектілеріне қатысты сұрақтарды еліміздің қолданыстағы сайлау туралы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша нақтылы ұсыныстар қалыптастыру мақсатында кең ауқымда талқылауына мүмкіндік беретінін айтып өтті.
ЕҚЫҰ/ДИАҚ өкілдері, өз кезегінде, ҚР ОСК-мен бірлесіп өткізу жоспарланып отырған дөңгелек үстелдер сериясына үлкен маңыз беретіндіктерін атап айтты.
Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен мүдделі мемлекеттік органдардан түсіп жатқан ұсыныстарды жинақтау және талдау бойынша жүргізіп отырған жұмысына тоқталды.
Кездесу соңында тараптар Қазақстандағы сайлау туралы заңнама мен сайлау процесін халықаралық демократиялық сайлаулар стандарттарын ескере отырып, одан әрі жетілдіру жөніндегі ықпалдастықты жалғастыруға мүдделіліктерін білдірді.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз орталығы
тел. 75-21-32, 75-28-43, 75-28-44
|